Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, 9-15 жастағы Кристина, Милана, Кирилл және Александр бұл отбасының жаңа мүшелері атанды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Надежда Алексеевна Жолтаптық мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істесе, Сергей Иванович шаруа қожалығының басшысы. - Біздің балалар ересек және өз беттерімен өмір сүреді. Көптен бері балалар үйінің жеткіншектеріне отбасы жылуын сыйлауды армандадық және енді біздің мақсатымыз орындалды. Әрине, есейген балаларды тәрбиелеуге алуға шешім қабылдау оңай болған жоқ, бірақ біздің тәжірибеміз бен балаларға деген махаббатымыз алдағы қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді деген сенімдемін, - дейді Надежда Друзик. Балалар отбасы жағдайына бірден үйреніп кетті. Қыздар аналарына ас үйде қамқоршы болса, ер балалар аула жұмыстарына көмектеседі. Бұл отбасы екі баланы тәрбиелеп жеткізген. Бүгінде олар жеке шаңырақ құрған. Павлодар облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 508 бала отбасы мейіріміне зәру.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап қабылдаушы отбасы туралы Ереже заңды күшіне енді. Осы өзгеріске сәйкес қабылдаушы толық отбасы білім беру ұйымдарынан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4-10 балаға дейін тәрбиелеуге ала алады.