«Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Егіс алқабы 1,6 миллион гектарға дейін өсті. Бұл өткен маусымға қарағанда 50 мың гектарға артты.
Суармалы жердің көлемі биыл 9 мың гектарға ұлғаяды. Айналымға 137 мың гектардан астам пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық жері қайтарылды. Былтырғымен салыстырғанда, ауылдардағы жайылым тапшылығын екі есе қысқарттық», - деді Асайын Байханов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ, ол облыста «Ауыл Аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен несие беру басталғанын мәлім етті.
«Жаңа жұмыс орнын құратын 300-ден астам жоба қарастырылды. 161 жоба иелері кредиттерін алып, кәсіптеріне кірісті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 35 мың тұрғыны бар 26 ауылдың инфрақұрылымын жаңартуына кірістік. Ауыл ішіндегі 89 шақырым жолды асфальттау, 60-тан астам көшені жарықтандыру, 22 әлеуметтік нысанды салып, жөндеу көзделген», - деді әкім.