Павлодар облысында бірнеше басқарма қысқартылады

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жаңадан мемлекеттік сатып алулар басқармасы құрылмақ. Бұл туралы облыстық мәслихат жанындағы тұрақты комиссия мен облыстық қоғамдық қеңестің бірлескен отырысы кезінде белгілі болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Отырыс кезінде өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Павлодар облысын басқарудың жаңа жүйесін ұсынды. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру аясында өңірдегі тоғыз басқарманы қайта құрып, оларды салалық бағыттары бойынша төрт басқармаға біріктіру жоспарлануда.

«Нақтырақ айтсақ, облыстық ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері бойынша және дін істері жөніндегі басқармаларды қосып, ақпарат және қоғамдық даму басқармасы етіп біріктіру көзделіп отыр. Мәдениет, архивтер мен құжаттандыру басқармасын тілдерді дамыту басқармасымен біріктіріп, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына, ал жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларын қала құрылысы және жер пайдалануды бақылау басқармасына біріктіру жоспарлануда. Ауыл шаруашылық басқармасына ветеринария басқармасы енеді», - дейді Мақсат Тұрлыбаев.

Мақсат Тұрлыбаевтың сөзіне сенсек, облыста жаңа мемлекеттік орган - мемлекеттік сатып алу басқармасын құру ұсынылуда. Жаңадан құрылатын органға құрылыс және қаржы басқармасының мемлекеттік сатып алуларды өткізу және бақылау жөніндегі қызметі және штаты беріледі. Сонымен бірге, дене шынықтыру және спорт басқармасын туризм және спортты дамыту басқармасы ретінде атауы өзгертіледі. Жаңадан пайда болған бұл басқармаға кәсіпкерлік және сауда басқармасының туризм жөніндегі қызметі мен штатын қосу жоспарлануда.

«Осылайша, Павлодар облысын басқару жүйесі төрт басқармаға қысқарады. Жүйені өзгерту қосымша қаражатты талап етпей, керісінше, жаңадан құрылатын басқармалардың штат саны мен қаржыландырылу деңгейі азаюға қарай қайта қаралады», - деді Мақсат Тұрлыбаев. Осы орайда қоғамдық кеңес мүшесі Тұңғат Әміртай тілдерді дамыту басқармасын басқа мемлекеттік органға қосу мәселесінің қаншалықты қисынды екендігіне күмән келтірді. «Тіл мәселесі күрделі екендігін біле тұра, осы әрекет арқылы бұл мәселені мүлде тығырыққа тіреп қойғыларыңыз келе ме?», - деді Тұңғат Әміртай. «Қазіргі кезде тілдерді дамыту басқармасы белгілі бір мәселені шешуге жеке дара мәртебеге ие. Сол себепті, тіл мәселесін мәдениетпен біріктіру қаншалықты маңызды? Қалай дегенмен, мен бұл мәселені басқа мінберде көтеретініме уәде беремін».

Өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы аталған басқарма қысқарғанымен, оған бөлінетін қаражат қысқармайтынына сендірді. Сонымен бірге, жаңадан құрылатын басқармада тілдерді дамыту мәселесіне тікелей жауап беретін орынбасар қызмет ететінін айтты.

Айта кетейік, қазіргі кезде облысты басқару жүйесі облыс әкімінің аппараты мен 25 басқармадан тұрады.

Соңғы жаңалықтар