Павлодар облысында елді мекендерге кіреберіс жолдардың бәрі жөнделеді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Үш жылдың ішінде Павлодар облысында облыстың және аудандық маңыздағы 656 шақырым жол жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында аймақ басшысы Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

«Инфрақұрылымды, оның ішінде көлік инфрақұрылымын жаңғыртпай облысты дамыту мүмкін емес. Бұл бағытта биыл 136 жоба іске асырылады. Облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жолды, сондай-ақ елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарлануда. Осы мақсаттарға біз 27 млрд теңге бөлдік», - деді әкім.

Айтуынша, бұл өңір үшін рекордтық сома. Асайын Байханов үш жылдың ішінде облыстағы елді мекендерге кіре беріс жолдардың бәрі жөнделетінін айтты.

Сонымен қатар, аймақ басшысы облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салынатынын жеткізді.

«Президент тапсырмасын орындау аясында биыл қыркүйек айында Павлодар облысында Ертіс өзенінен өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталады. Бұл нысанды салудағы басым бағыт – қоғамдық көлік саласын дамыту. Бұл жерде біз трамвай маршруттарын кеңейтіп, алдағы екі жылда 70 вагонды жаңартпақпыз. Өңірдің үш жылында қоғамдық көлік паркі жаңартылып, 125 жаңа автобус сатып алынды», - деді обылс басшысы.