Облыстық мәслихат депутаттарының алдында 2018 жылдың бірінші жартылдығының қорытындылары бойынша есеп берген Болат Бақауов журналистерге қосымша сұхбат берді.
«Павлодардағы жағалаудың ұзақтығы келесі жылы жазда 6,2 шақырымға жетеді. Қазіргі таңда бұрын «ҚазТрансОйл» АҚ-ның ғимараты орналасқан жерден теміржол көпіріне дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр », - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Болат Бақауов тілге тиек еткен мәселелердің бірі - жаңа онкологиялық диспансердің құрылысы болды.
«Жобаны түгелдей жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 12 миллиард теңге сұрататын болсақ, бізге ешкім ондай соманы бермес еді. Сондықтан жобаны екі кезеңге бөлдік. Біріншіден, ғимараттың құрылысы жүреді, артынан қажет құрал-жабдықтар сатып алынады », - деді Б. Бақауов.
Сонымен қатар, журналистер қауымы ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға қатысты сұрақтар қойды. Белгілі болғандай, облыс әкімі өңірде қант зауытын ашу туралы идеясын әлі де қолдайтын болып шықты.
«Жеңіске апарар жол жеңіл болмайды. Істі ойға алған соң жүзеге асыру үшін біраз уақыт керек екенін түсінетін боларсыздар. Жобалау уақытының өзі ғана 1,5 жылды талап етеді. Республикада қантты өңдеуден көш бастап келе жатқан Алматы облысы биыл қызылшаны 9 мың гектар жерде өсіреді. Ал біздің «Пахарь» шаруа қожалығының өзінде ғана 9 мың гектар суармалы жер бар. Егіс айналымын жақсарту үшін қызылша өсіру ісін бастауға болады. Біз қажет құрал-жабдықтарды, олардың бағасын бақылап жатырмыз. Қызылшаны жинап, сақтаудың амалдарын жан-жақты қарастыру керек», - деді Болат Бақауов.