Павлодар облысында қараусыз қалған мың гектар егістік бар

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы әкімдігінде болған кеңесте жарамды жерлерді пайдалану мәселелері қозғалып, Ертіс, Железинск аудандарының әр ауылында пайдаланылмайтын егіс учаскелері бар екені белгілі болды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мысалы, Ертіс ауданы И. Байзақов ауылында 24 мың га егістіктің 19 мың гектары өңделмеген, 8 мыңы мүлдем пайдаланылмайды. Панфилов ауданында аудан әкімі Виктор  Дубовицкийдің деректеріне сәйкес 5,5 мың гектар жердің 4,5 мыңы пайдаланылмайды. Бұл ретте топырақ сапасы 35 балл және одан жоғары. Өңір басшысы Б. Бақауовтың айтуынша, бұл ретте   әкімдер жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. «Бұл қылмыс қой, - деді Бақауов, - құнарлы жерге бұлай немқұрайлы қарауға болмайды».

Железинск ауданында да осындай жағдай. Лесной ауылдық округінде 29 мың гектар жердің үштен бірі ғана өңделген. Өңір басшысының жерді дұрыс пайдаланбаған фермерлерге ықтимал тексеріс жайлы хабарлама жайлы сауалына Қабиболла Әбушахманов аграршылар бұдан көбіне қашқақтайды, деп жауап берді. «Железинск ауданының ең құнарлы жерлеріне егіс егілмеген. Барлық жерге қарасұлы өсіп кеткен», деді әкім. Ол мұны тексеруге бірнеше күн берді. Егістікті пайдаланбаған шаруа және фермерлік қожалықтарға байланысты  нақты шаралар қабылданды.