Павлодар облысында кіреберістердегі камераларды полиция бекеттеріне қоспақ

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қаласында полиция мен пәтер иелерінің кооперативтері ұрлыққа қарсы біріге күресуге бел буып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пәтер иелері ккооперативі (ПИК) өкілдерінің сөзіне қарағанда, видеобақылау камераларын орнатудағы басты қиындық тұрғындардың бұған қаражат шығарғысы келмейтіндігімен байланысты. Былтыр жергілікті атқарушы органдар Ақсу аумағында «Қазақтелеком» АҚ-пен ынтымақтастықта «Бұлттық қамтылым» бағдарламасы енгізіліп, ПИК өкілдері үй иелерімен бірге камералар орнату бойынша жұмыстар жүргізген. Алайда бағдарлама сәтті жалғасын тапқан жоқ», - дейді Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.

Ақсу ішкі істер бөлімінің басшылығы ПИК және қаланың ТКШ өкілдерімен кездесіп, ұрлық-қарақшылықпен бірге күресу мәселесін талқылады. Айта кетейік, жыл басынан бері Ақсуда 89 ұрлық дерегі тіркелген.

«Қаладағы үйлердің кіреберісінде видеобақылау камераларын орнату туралы ұсыныс енгіздік. Орнатылатын камераларды полицияның учаскелік бекеттеріне жалғау мәселесі де шешіліп жатыр», - дейді департамент қызметкерлері.