Инспекторлар жүк көліктері көп жүретін жолдарда жұмыс жасайтын болады. Көліктер бөлімшеге жіберілмес бұрын Павлодар облысының әкіміне таныстырылды. Өңір басшысының бастамасымен үш арнайы көлік сатып алынды. Mercedes-Benz маркалы автокөліктері көліктік бақылау қызметкерлері жүк көлігінің жүкті шамадан тыс тасымалдамауын шұғыл тексеру үшін арнайы жасақталған. Жылжымалы таразылар бір жүк көлігін екі-үш минуттан артық тексермеуге мүмкіндік береді.
«Қызметкерлеріміз жүктің шамадан тыс көп екенін анықтйтын болса, әкімшілік материал тағайындайды. Жеке тұлғаларға 50 АЕК, заңды тұлғаларға - 200 АЕК-ге дейін айыппұл салынады», - деді Павлодар облысы бойынша Көліктік бақылау жөніндегі инспекция басшысы Серік Талдыбаев.
«Алғашқы күні-ақ мобильдік бекеттерде шамасынан тыс жүк тиеген көліктер анықталды. Қалқаман кентіне жақын жолда кузовта 36 тонна бетон тиеген Howo жүк көлігі тоқтатылды. Ал көліктің жүк көтергіштігі - небары 16 тонна. 20 тоннаға дейін жүк тасымалдағаны үшін көлік иесіне 430 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін», - деді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.
Павлодар облысы әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, өңірдегі жол тәртібінің сақталуын көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірге жергілікті полиция қызметі мен көліктік прокуратура бақылауы тиіс.
09:11, 18 Қыркүйек 2018
Павлодар облысында көліктерді арнайы мобильдік бекеттер бақылайтын болды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында көліктерді тексеруге арналған жаңа мобильдік бекеттер қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.