Павлодар облысында қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғандар анықталды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Павлодар облысында 2017 жылы мамыр айында жүргізілген арнайы рейд нәтижесінде қызметтік көлікті жеке мүдде үшін және жұмыстан тыс уақытта пайдаланған шенеуніктер әшкере болды. 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ардақ Балғожиннің айтуынша, қызметтік көлікте түнде немесе демалыс күндері  жүру бойынша төрт факті анықталған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

 - Мәселен, 6 мамыр күні сағат 01:15 Бекхожин көшесінде «Павлодар ауданы әкімдігінің коммунсервис» ЖШС-не тиесілі «Тайота» көлігі тоқтатылды, - дейді ол. - Көлік ішінде жүргізушіден басқа, тағы да екі жолаушы болған. Келесі күні жексенбіде сағат 18:40-та Павлодар-Семей бағытында, Ямышев ауылының жанында Аққу ауылына бет алған «Лада» темір тұлпары ұсталды. Көлік Лебяжі ауданы ветеринария бөліміне тиесілі болып шықты. Бұдан басқа, сағат 11-де Железин ауылдық аймағы әкімі аппаратының Skoda Rapid автокөлігі аудан орталығындағы «Мәди» дәмханасының жанында назарға іліккен. Бұл көліктің жүргізуші болмауына байланысты қызметтік көлік аппараттың бас маманына тіркелгені белгілі болды. Ер адам дәмханаға өндірістік жұмыс үшін дәнекерлеушіні әкелгенін айтып ақталған болса, жазбаша берген жауабында дәмхана қасына шинаның қысымын тексеруге тоқтағанын мәлім еткен. Нәтижесінде рейдке қатысушылар «Мәди» дәмханасы Железин ауылдық округі әкімінің ағасының иелігінде екенін анықтаған. Сондықтан тәртіп сақшылары маманның ауызша берген жауабын дұрыс деп тапты.

Төртінші факті Павлодар - Омбы тас жолында орын алған. Полицейлер маневр жасау ережесін өрескел бұзғаны үшін ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне тиесілі «Лада» көлігін тоқтатқан. Темір тұлпарды бөлім басшысы басқарған және оның жол-сапар парағы болмаған. Тәртіп сақшылары екі әкімшілік хаттама толтырып, жүргізушіге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.