«Әртүрлі жағдайлар болады. Тіпті, баланы аудан орталығына жеткізетін көлік табылмай қалады. Бүгінде ауылдарда екі-үш түлектен ғана бар. Сондықтан ауылдық аймақтардың әкімдері балаларды тестілеу орталығына жеткізу үшін өздерінің көліктерін беруі керек»,- деді аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, 796 түлекті тұрғылықты жеріне және ҰБТ өткізу орындарына тасымалдау жоспарлануда. Бұл мақсатта 24 мектеп автобусы мен 33 автокөлік жұмылдырылады. Тамақтандыру, жатын орын және тасымалдауға аудандық және қалалық бюджеттерде 7,6 млн теңге қарастырылған. Орналастыру орындарында жатын бөлмелері мен асханаларға жөндеу жүргізіледі. 10 ауданның бесеуінде - Шарбақты, Павлодар, Успен, Лебяжі, Май аудандарында тестілеу пунктері жоқ. Бұл аудандардың түлектері мен қалалардың ауылдық аймақтары ҰБТ-ны Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларының ҰБТ өткізу пункті базасында тапсырады.
Шарбақты, Лебяжі және Павлодар аудандары мектептерінің түлектері - ПМПУ, Успен ауданы - С.Торайғыров атындағы ПМУ, Май ауданы Ақсу қаласында тапсырады. Баянауыл, Ақтоғай, Ертіс, Качир, Железин аудандары, Ақсу қаласының қалалық және ауыл мектептерінің бітірушілері өз аудандарында өткізеді. - Бүгінгі күні ҰБТ өткізудің кейбір пункттерінде Качир және Железин бөлігінде өткізуге қатысты мәселе тұр, - деді Дінислам Болатханұлы. - Железин ауданының көптеген елді мекендері аудан орталығынан алыс қашықтықта орналасқан. Сондықтан ҰБТ-ны Железин ауылында өткізген жөн. 2018 жылғы 20-сәуірдегі жағдай бойынша биыл мектептерде 11-сыныпта 3896 оқушы білім алуда. Олардың 2804-і немесе 72%-ы ҰБТ-ға қатысуды жоспарлауда.
Облыс әкімі өзінің орынбасары Мейрам Бегентаевқа тестілеу пункттеріне түлектерді жеткізу кезінде жол полициясының ілесіп жүруі мен қоғамдық тәртіпті сақтауды және орналасатын жерде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.