Павлодар облысында өндірілетін биенің құрғақ сүтіне Башқұртстан көз тігіп отыр
Бұл туралы агенттікке аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Асқар Шакенов мәлім етті. - Қазіргі таңда Башқұртстан елімен ұнтақ түріндегі қымызды тасымалдау бойынша келісімшарт жүргізілуде. Алғашқы партияны биылғы жылдың маусым айында шығару жоспарланып отыр. Шипалы сусынның мұндай түрін тағам, фармацевтикалық, косметологиялық өнеркәсіпте пайдалануға болады. Наурыз мерекесі қарсаңында кәсібін кеңейтіп жатқан аталмыш шаруа қожалығының иесі Сәтбек Мукин қымыз құю цехының тұсаукесерін өткізбек. Алматы қаласынан 11 млн теңгеге сатып алынған жабдық 2,5 сағатта 800 литр қымыз құюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қарағанды және Ақтөбе өңірлерінен джабе, мұғалжар тұқымдас 37 бас бие, үш айғыр жеткізілді. 1800 шаршы метр бие сауатын мал шаруашылығы кешені салынды, - дейді А.Шакенов.
Қазіргі уақытта кәсіпорында өндірісті шикізатпен қамтитын 900-ден астам сауынды бие бар. Мұнда тәулігіне 300-400 литр қымыз өндіріледі. Шипалы сусынды көбінесе астаналық «Анер-НС» компаниясы ірі көлемде сатып әкететін көрінеді. Айта кетерлігі, «Алтай» ШҚ-ның қымызы халықаралық сапа сертификатына ие. Сондай-ақ, 2009 жылы Қазақстанның атынан Берлинде өткен «Жасыл апталық» атты халықаралық көрмеге қатысқан.