Павлодар облысында өрт кезінде қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар өз үйлеріне оралды
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 8-і күні Лебяжі ауданына қарасты «Ертіс орманы» табиғи резерватында орман өрті орын алған болатын. Ресей Федерациясының аумағына да енген өрт 1000 гектар аумақты шарпыған еді. Осыған орай Бәйімбет ауылынан Шоқтал елді мекеніне 25 адам көшірілді.
Осы күні түстен кейін Бесқарағай филиалының Көкжал орман шаруашылығында жалпы аумағы 2000 гектарды құрайтын екінші өрт ошағы тіркелді. 7 адам зардап шегіп, тілсіз жау орын алған жерге тақау орналасқан Бәйімбет ауылының 174 адамы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Беген ауылына көшірілген болатын.
Бүгін таратылған ведомство ақпаратында екі орман шаруашылығындағы өрттің де ауыздықталғандығы айтылған.
«Бұған дейін қауіпсіз жерге көшірілген ауыл тұрғындары тұрғылықты жерлеріне оралды», делінген баспасөз хабарламасында.
Орман өртін ауыздықтауға 378 маман, 76 техника тартылса, оның 125-і ҚР ТЖМ-нің жеке құрамындағы мамандар. Сондай өртті сөндіруге ҚР ТЖМ-нің 2, ҚР Қорғаныс министрлігінің 2, «Ертіс орманы» табиғи резерватының 1 тікұшағы жұмылдырылды.