Павлодар облысында өсімдік шаруашылығын дамытуға 2,8 млрд. теңге субсидия бөлінген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға қаржылай қолдау көрсету үшін 2,8 млрд теңге субсидия беріледі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Ертіс ауданында өткен жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаев мәлім етті. Жиныға аудан әкімі Серік Батырғожинов және ауыл әкімдері қатысты.

Басқарма басшысының мәліметінше, аталған сома майлы дақылдар мен қант қызылшасын өсіруші шаруаларға үлестірілмек. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштарға және тұқым шаруашылығын қолдауға 200 миллион теңге қарастырылған. Бұл бірінші жартыжылдықтың нәтижесі.

«Мал шаруашылығына 2,6 миллиард теңге субсидия беріледі. Бұл қаржы кооперативтерді және шағын бизнесті дамытуға бағытталған. Яғни, асыл тұқымды айғырлар мен асыл тұқымды бұқалар сатып алған кәсіпкерлерге ұсынылады. Алдағы уақытта жүктелген міндеттерді жан-жақты саралай отырып жұмыс жасаймыз. Аудандардағы аграрлық салада қызмет жасап жүрген серіктестіктер мен қожалықтардың басшыларымен және ауыл әкімдерімен бірге күн тәртібінде тұрған мәселелерді бірлесіп шешсек нәтижелі болады», - деді Ораз Дүзденбаев.

Шара барысында «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ директорының орынбасары Ізбасар Жүсіпеков, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» АҚ өкілі Маралбек Жұмабаев және «Павлодар ауылшаруашылығы ғылыми зерттеу институтының» директоры Бақыт Ирмулатов өз тараптарынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.