Павлодар облысында пара алғандарға 11 млн теңге айыппұл салынған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 2017 жылдың басынан бері 13 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, 11 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының бесінші басымдығының жүзеге асырылуы» атты баспасөз жиынында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысының м.а Гүлмира Қабиева хабарлады.

«13 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық материалының бесеуі денсаулық сақтау басқармасында, сегізі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау саласында орын алды, - дейді Гүлмира Қабиева. - Нәтижесінде 11 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, соның жеті миллионға жуығы төленді. Ішкі саясат басқармасы маусым мен шілде кезінде облыстағы жемқорлық деңгейін анықтау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын. Сараптама қортындысы бойынша билік органдары, ТҮКШ, кәсіпорын, ауылшаруашылық, денсаулық пен білім салаларында сыйбайластық деңгейі жоғары екені анықталды».

Айта кетейік, облыста сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес бағытында бірқатар жобалар іске асуда. Мәселен: «Парасыз болашаққа бірге!», «Есіктен есікке», «ЖОО-дан ЖОО-ға». Сонымен қатар әлеуметтік желілерде #адалбол, #Парасызболашаққабірге хэштегтерімен бейнематериалдар жариялануда.