Павлодар облысында шекарамен оқ-дәрі тасымалдауға қатысты іс тоқтатылды

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Железин аудандық соты «Ұрлытөбе» шекара бекеті арқылы оқ-дәрі тасымалдау және сақтау туралы алты бірдей әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Железин аудандық соты Б., П., Л., П., У. және Л. Есімді азаматтарға қатысты, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 482-бабының («Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы») бірінші бөлігіне сәйкес алты бірдей әкімшілік істі қарады», - деп мәлімдеді Павлодар облыстық соты.

2017 жылдың қыркүйегінде, қазан және қараша айларында «Ұрлытөбе» бекеті арқылы ҚР шекарасынан өтерде жоғарыда есімдері аталған тұлғалардың автомобильдерінен 12 калибрлі патрондар табылып, тәркіленді. Олар осы патрондарды ішкі істер органдарының рұқсатынсыз сақтаған, алып жүрген және тасымалдаған, яғни Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482-бабының бірінші бөлігінде («Iшкi iстер органдарында тiркелмеген тегiс ұңғылы, газды қару мен олардың патрондарын, сол сияқты электрлі қаруды, үрлемелi қуаты 7,5 Джоульдан жоғары, калибрi 4,5 миллиметрден асатын пневматикалық қаруды заңсыз иеленіп алу, беру, өткiзу, сақтау, алып жүру, тасымалдау») көрсетілген құқықбұзушылықты жасаған.  

Бірақ әкімшілік істер сотқа 13 наурызда ғана келіп түскен, яғни құқықбұзушылық болғаннан кейін екі айдан астам уақыт өткен. Сондықтан әкімшілік жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткен. Әкімшілік кодекстің 741-бабының бірінші бөлігінің бесінші тармағына сәйкес, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалуы мүмкін емес.

Осы фактілер бойынша Железин аудандық ІІБ бастығына жеке қаулы шығарылды. Соттың қаулысы заңды күшіне әлі енген жоқ.