Павлодар облысында сібір жарасы диагнозымен ауруханаға жатқызылғандардың саны жеті адамға жетті - ҚР ТЖМ
08:56, 22 Маусым 2010
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат - Павлодар облысында сібір жарасы диагнозымен ауруханаға жатқызылғандардың саны жеті адамға жетті,
деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
«Маусымның 21-і, сағат 18.00-дегі жағдай бойынша ауруханаға жеті адам жатқызылды, олардың ішіндегі 40 жастағы ер адам мен 44 жастағы әйел қайтыс болды. Олардан «сібір жарасы» диагнозы анықталды», - деп нақтылады баспасөз орталығы.
Естеріңізге сала кетейік, бұрын ТЖМ хабарлағандай, маусымның 20-сы күні Мемлекеттік санитарлық қадағалау департаментінен маусымның 19-ы, сағат түнгі 02.30-да Павлодар облысы Ақсу ауданы Ребровка және Қаракөл ауылдарынан төрт адам сібір жарасын жұқтырды деген болжаммен ауруханаға жатқызылғандығы туралы ақпарат келіп түскен болатын.
Оқиға орнында эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.