Павлодар облысында сувенир ақшаны пайдаға жаратқан алаяқ ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғыны базарда сувенирлік жалған ақшамен төлем жасап, тұрғындарды алдап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Павлодар облысы ІІД-нің ВКонтакте парақшасына сілтеме жасап.

Полицияға алаяқтық туралы арызбен зейнеткер жүгінеді. Оның айтуынша кешке таман базарда шие сатып отырған кезде оған бір бейтаныс адам жақындапты. Әлгі адам зейнеткерден жалпы сомасы 1900 теңге құрайтын шиесін сатып алады. Еркек екіге бүктелген 10 000 теңгелік купюрамен төлем жасаған. Зейнеткер ақша белгісін тексеріп алмай, бірден оған ойсыз 8100 теңге мөлшеріндегі қайтарымды ұстата салады. Қаскүнем кеткеннен кейін ғана зейнеткер ақша белгісінің сувенирлік екенін байқаған.

«Жәбірленуші алаяқтың жалғыз құрбаны болмаған, полицияға осығын ұқсас тағы 4 өтініш келіп түскен. Кесек ақшасы бар тапқыр сатып алушыға базардағы сатушылар тез және артық сұрақсыз қызмет көрсеткен. Жүргізілген іс-шаралар барысында Ақсу қаласының полиция қызметкерлері алаяқтығы үшін 40 жастағы күдікті ер адам анықталып, ұсталды. Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде», - делінген хабарламада.

ІІД қызметкерлері облыс тұрғындарына қырағылық танытуды сұрайды.

«Есіңізде болсын, сувенирлік ақша белгісінде жоғарыда және төменде қызыл әріптермен «төлем құралы болып табылмайды» деген екі тілдегі жазуы бар. Қалтаңызға, сөмкеңізге немесе кассаға салар алдында міндетті түрде оны ашып, жазудың бар не жоғын тексіріңіз», - деп ескертеді полиция қызметкерлері.