Павлодар облысында тасқын судың жағдайы - төтенше жағдайлар қызметінің бақылауында

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысындағы тасқын судың жағдайы - төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жанындағы жедел штабтың жіті бақылауында,

деп хабарлады аймақ әкімінің баспасөз қызметінен.

Барлық селолық округтерде күні-түні кезекшілік ұйымдастырылған, қауіпті деген аумақтарда тұрақты бақылау жүргізілуде, деп хабарлады қалалар мен аудандардың әкімдері.

Судағы құтқару қызметінің стансылары мен бекеттері облыстағы барлық су тоғандарын бақылап отыр, барлық қауіпті учаскелерге ескерту белгілері қойылған. Ал республикалық маңыздағы барлық жолдардағы су өткізу құрылғылары тазартылған және аршылған.

Баянауыл ауданындағы тасқын судың жағдайын қадағалау үшін төтенше жағдайлар жөніндегі жедел топ жұмыс істеуде. Қызыл су жүруі ықтимал елді мекендер қардан тазартылып, су ағызылатын арналар қазылуда. Бұл жұмыстарға 30 техника жұмылдырылған, Екібастұз кәсіпорындарының механизаторлары көмектесуде.