Павлодар облысында тіркелген кәсіпорындардың 8300-і жұмыс істемейді
Nur Otan партиясының облыстық филиалында өткен қорытынды кеңес барысында сөйлеген облыс әкімі Болат Бақауов шағын және орта кәсіпкерлік саласында әлі де ауқымды жұмысты атқару керектігін қадап айтты.
- Шағын және орта бизнес субъектілерінің көрсеткіштері артқанымен, облыста тіркелген кәсіпорындардың 8300-і жұмыс істемейтіні анықталды, - деді Болат Бақауов. – Олардың үш мыңы мүлдем жұмысын тоқтатқан. Қалғандары қызметін уақытша тоқтатса, кейбіреулері банкротқа ұшыраған.
Болат Бақауов облыстық кәсіпкерлік басқармасына мәселені мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесе шешуді тапсырды.
- Қызмет ететін кәсіпорындардың 40%-ы табыс таппайды, яғни нөлдік есеп тапсырады. Бұдан шығатын қорытынды – кәсіпкерлердің көбі көлеңкелі бизнеспен айналысады, - деді Болат Бақауов.
Осы орайда облыс басшысы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу тәжірибесін кеңейту қажеттілігін атады.