Павлодар облысында ұннан жасалған өнімдер арзандады, бірақ сүт, көкөніс және жеміс қымбаттады - статистика

ПАВЛОДАР. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысында ағымдағы жылдың 9 айында тұтыну бағаларының индексі 105,9 пайызды құрады, деп хабарлады статистика департаментінен.

Азық-түлік тауарларының бағасы - 5,2 пайызға, азық-түліктік емес тауарлар - 3,5 пайызға, ақылы қызметтер - 8,9 пайызға қымбаттады.

Атап айтқанда, облыстың тұтыну нарығында нан-тоқаш және жарма өнімдерінің бағасы 0,1 пайызға төмендеп отыр. Ұнтақ жармасы -12,1 пайызға, нан - 7,9 пайызға, күріш - 1,8 пайызға, вермишель - 0,8 пайызға арзандады.

Ал есесіне сүт өнімдері 6,5 пайызға қымбаттады. Оның ішінде, сүт - 5,8 пайызға, қаймақ - 13,9 пайызға, айран - 17,5 пайызға қымбаттады. Жеміс және көкөніс бағалары 12,7 пайызға өсті.

Қаңтар-қыркүйек айларында сондай-ақ күнбағыс майының бағасы - 10,2 пайызға, ет және ет өнімдері - 7,8 пайызға, балық және теңіз өнімдері - 4 пайызға, қант - 4,8 пайызға қымбаттады.

Ақылы қызметтердың бағасы 8,9 пайызға өсті. Оның ішінде, жолақы - 9,7 пайызға, тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтері - 10,1 пайызға, білім беру қызметтері - 18,2 пайызға артты. Фармацевтикалық препараттардың бағасы -15,7 пайызға, кеңсе тауарлары - 7,2 пайызға, бензин - 4,2 пайызға, киім-кешек пен аяқ киім - 2,7 пайызға қымбаттаса, цемент - 17,4 пайызға, дизель тыны - 8 пайызға арзандады.

Және жан басына шаққандағы негізгі азық-түліктердің орташа минимальдық тұтыну нормасы қыркүйек айында 13058 теңгені құрап отыр, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 9 пайызға төмен.