Бұл туралы агенттікке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айдос Жақыпов айтты.
«Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жаңадан салынатын ең көлемді 5000 басқа арналған алаңды железиндік «Пахарь» ШҚ салмақ. Оған қоса, железиндік «Ай-Агро» мен Май ауданының «MYflot» ШҚ-тары әрқайсы бірден 1500 басқа арналған алаңның құрылысын қолға алды. Ал, баянауылдық «Жайма» шаруа қожалығында қазіргі кезде 1500 басқа шақталған бордақылау алаңы бар. Енді оны қосымша 3000 басқа кеңейтпек. Бордақылау алаңдарына шаруа қожалықтары жартысын өз қаражаттарына салса, қалған қаржыны мемлекет тарыпнан жеңілдетілген несиемен алады», - деді Айдос Жақыпов.
Бас маманның айтуынша, мұндай алаңдардың көбеюі ет өндірісін арттыруға септігін тигізеді.
«Өңірімізде өткен жылы 52 мың тонна ет және ет өнімдері шығарылды. Оның ішінде 1150 тоннасы экспортталған болатын», - деді Айдос Жақыпов.
Биыл 900 тонна экспорттау жоспарланған. Қазіргі кезде 346 тонна шығарылып, жоспардың 37,8 пайызы орындалды. Өндіріске пайдалы алаңдардың арқасында бұл көрсеткіштер арта түседі. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста 13400 басқа арналған 13 бордақылау алаңы бар.