«9 наурыз күні 17:01-де Ақсу қаласының Қамзин көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында өрт болып, бес шаршы метр ауданды шарпыды. Жалын 17:15-те ауыздықталып, 17:20-да толықтай сөндірілді. Ыс тиген 2012 жылғы бала ауруханаға жеткізілді, алайда ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды», - делінген Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алдын ала деректерге қарағанда, қайғылы оқиғаға баланың өртпен ойнауы себеп болған. Өртті сөндіруге ТЖД тоғыз қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылды, сондай-ақ оқиға орнына кезекші жедел тергеу тобының үш маманы аттанды.