Павлодар облысында заң бұзған 4 нысанның жұмысы тоқтатылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында бірінші жартжылдық ішінде экологиялық заңнаманың талаптарына сай  келмейтін 116 ақау анықталып, 7 млн 712 мың теңге көлемінде 113 айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылғы бірінші  жартыжылдықта 968,5 мың тонна лимитінен ауаға 344,83 мың тонна қалдық тараған. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 47 мың тоннаға көп. Бұған жылуэнергетикалық кәсіпорындардағы жылу энергиясының өндірілу көлемінің өсуі себеп болып отыр», - дейді Павлодар облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Жомарт Каримов.

Болат Нұржанов атындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-да 2017 жылмен салыстырғанда, жылу энергиясы 52 пайызға көп өндірілген. Сондықтан, ауаға таралған қалдықтың көлемі 40,2 тоннаға немесе 62 пайызға өскен.

«Департамент экологиялық тұрғыдан проблемалы кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймағы шекарасындағы атмосфералық ауаның сапасын бақылауға күш салады», - деді Ж. Каримов.

Оның айтуынша, департамент 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта 80 рет тексеріс жүргізген. Нәтижесінде экологиялық заңнамаға қарсы 116 ақау анықталып, жалпы сомасы 7 миллион 712 мың теңгені құраған 113 айыппұл салынған. Қазіргі таңда 3 миллион 999 теңге көлемінде 74 айыппұл өндіріліп алынды. Бұдан бөлек, шамамен 53 миллион 207 мың теңге көлеміндегі экологиялық шығынды өтеу үшін 18 нұсқама таратылған.

Павлодар облысы экология департаменті басшысы орынбасарының айтуынша, сот шешімімен экологиялық талаптарға қайшы жұмыс жасайтын төрт нысанның жұмысы тоқтатылған. Табылған ақауларға қалдықтармен жұмыс жасауда экологиялық талаптарды орындамау жатады.

Экология департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, Павлодар облысында 337 табиғи қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін заңсыз орын анықталған.