Өрт бүгін, 9 тамызда Тереңкөл ауданындағы Береговое ауылында тұтанған.
«Жергілікті уақытпен сағат 10:29-да жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына департаменттен 8 адам мен 2 техника жедел жетті. Тұрғын үйдегі өрттен 2019 жылғы бала бірінші, екінші дәрежелі термиялық күйік алғаны анықталды. Алайда, күйік шалған баланы ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. Өкінішке орай, 2021 жылы туған қыз бала қайтыс болды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Үй өртенген кезде балалардың анасы аулада болған. Көпбалалы отбасының анасы сегізінші баласының өмірге келер күнін күтіп жүр.
Жалын жергілікті уақытпен сағат 11:45-те оқшауланды. Ал, сағат 12:15-те толығымен жойылды. Қазір төтеншеліктер өрттің шығу себебі анықтап жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Екібастұзда автогаз құю бекеті өртенді, жалынның үйлерге тарау қаупі бары хабарланған еді. Кейін өртенген газ құю бекетінде ер адамның денесі табылды. Сондай-ақ, Екібастұз әкімдігі газ құю бекетіндегі өрт пен адам өліміне байланысты жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.
«Қала әкімдігінің қаулысымен 23 жанар-жағармай және 11 газ құю станциясы қызметіне мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары төрағалық етеді. Құрамында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, жергілік полиция қызметінің бастығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, тұрғын үй инспекциясы, сәулет, мемлекеттік кірістер және санитариялық-эпидемологиялық бақылау басқармаларының басшылары бар. Жұмыс тобы бүгін міндетін атқаруға кірісті», - делінген әкімдік мәлімдемесінде.