Павлодар облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласынан 40 шақырым жерде екі көлік соқтығысып, салдарынан үш адам мерт болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сағат 01.35-те Павлодар ауданында Омбы-Майқапшағай тасжолында, Павлодар қаласынан 40 шақырым қашықтықта, Чернорецк ауылының тұсында жеңіл автокөлік жүк көлігімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан үш адам мерт болды. Олардың тұлғасы анықталып жатыр», - деп хабарлады Павлодар облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметінен.

Оқиға орнына ТЖД жедел-құтқару жасағының үш қызметкері мен бір техникасы, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының үш қызметкері мен бір техникасы жетті.