Павлодар облысында жол апатынан жаяу жүргінші қаза тапты

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жол апаты салдарынан жаяу жүргінші қаза тапты. Қайғылы оқиға Екібастұз - Лесхоз автожолында орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

- «Митсубиси Монтеро» автокөлігінің 60 жастағы жүргізушісі 1972 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шеккен адам алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды, - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Полицияда автокөлік айып тұрағына қойылғанын хабарлады. Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері Павлодар облысының аумағында 278 ЖКО тіркелген, салдарынан 20 адам қаза тауып, 410 адам жарақат алған.