Павлодар облысындағы орман өрті оқшауланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» резерватындағы өрт оқшауланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Photo: t.me/baspasozpvl

«Шарбақты ауданындағы орман шаруашылығының ақпараты бойынша «Ертіс орманы» резерваты аумағындағы өрт бүгін сағат 14.14-те оқшауланды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің аумағы 850 гектарды құрайды», - делінген хабарламада.

Бұған дейін «Ертіс орманы» резерватында 850 га жер өртеніп жатқаны туралы хабарлаған едік.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов барып, жағдайды өз бақылауына алды.

Айта кетейік, кеше «Ертіс орманы» резерватында өрт шықты.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 шілде күні Шарбақты ауданының Степное және Бауыртал орманшылықтарында орманнан өрт шықты.