Павлодар облысының әкімі халықпен бірге сенбілікке шықты
10:12, 15 Сәуір 2013
ПАВЛОДАР. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Өткен сенбі күні 30 мыңнан астам қала тұрғыны Павлодардың көшелері мен саябақтарын тазалауға шықты.
Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
Кәсіпорындардың жұмысшылары, студенттер мен оқушылар гүлзарларды, жаяу жүргіншілердің жолдарын, аулаларды қалыпқа келтірді. Сенбілікке 350 техника жұмылдырылып, көшелерден 15 мың тонна қоқыс шығарылды.
Қала тұрғындарымен қатар аймақ әкімі Ерлан Арын және қала басшысы Оразгелді Қайыргелдинов та еңбек құралдарын қолға алып, «Денсаулық» саябағында көшеттерді отырғызды. Биыл Павлодар қаласының жасыл желегі тағы мыңдаған жас көшеттермен толықпақ.
«Қалада күніне коммуналдық шаруашылықтың 500 қызметкері тазалық орнатады»,-деп атап өтті ТКШ бастығы Игорь Рыбас.