Павлодар облысының әкімі үздік төрт білім ордасына 50 млн теңгеден грант табыстады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда бүгін Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 - білімнің үлесі» тақырыбында өткен педагог қызметкерлердің облыстық конференциясында алғаш рет үздік төрт білім ордасына облыс әкімінің гранты табысталды.

Ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен облыс әкімі Болат Бақауов құттықтап, сәттілік тіледі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

«Тамыз кеңесі ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер ортаға салынып, маңызды жоспарлар талқыланатын жиын», - деді өңір басшысы. «Адам тәрбиелеу - ұлы міндет. Осы ұлы міндетті жүзеге асырып жатқан ұстаздар қауымы кез келген құрметке лайықты жандар. Сондықтан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жатқан ұстаздар қауымына шексіз алғыс білдіремін. Биыл жылдағы дәстүр бойынша автокөлік кілттерін табыс етуден бас тартып, бірнеше жыл бойы жоғары нәтиже көрсеткен төрт мектепке 50 миллион теңге көлемінде облыс әкімі грантын тағайындау туралы бірлескен шешім қабылданды. Мұндай марапатқа Павлодар қаласының № 122 мектепке дейінгі гимназиясы, облыстық «Жас дарын» мамандандырылған мектебі, Ақсу қаласының Евгеньев ауылдық округінің Үштерек орта мектебі және Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжі лайық деп танылды». 

 Аймақ басшысының айтуынша, облыста білім беру жүйесін қаржыландыру жыл сайын артып келеді. 2015 жылы бұл сома 45 миллиард теңге болса, 2017 жылы 60 миллиард теңгені құрады. Жаңа оқу жылы қарсаңында 118 білім беру нысанында 2 миллиард теңге сомаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. (ERG) Еуразиялық топ  пен Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының қолдауымен Павлодар түсті металлургия колледжі және Павлодар монтаж колледжінің жанында жатақханалар бой көтеруде. Түсті металлургия колледжінің қасындағы жатақхананы ашу жаңа оқу жылы қарсаңына жоспарланып отыр. Сонымен қатар Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 110 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Ақсу қаласы М. Омаров ауылдық округіндегі Жамбыл жалпы орта мектебінде және Шарбақты ауданында 60 орындық балабақша ғимаратының қайта құру жұмыстары жүзеге асырылуда. Ақсу қаласында жас натуралистер станциясы салынуда. Ағымдағы жылы алғашқы рет облыстық бюджеттен білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 1 миллиард теңге бөлінген. Мектеп жиһаздары мен асхана жабдықтары жаңартылып, жаңа компьютерлер сатып алынуда. Балаларды мектепке тасымалдау мақсатында 22 жаңа автобус сатып алынған. Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде шахмат үйірмелері жұмыс істейді. 146 мектепте ашылған робот техниксы кабинеттеріне 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Биылғы жылғы түлектердің 50 пайызға жуығы мемлекеттік білім беру грантына ие болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Бұдан басқа, өткен оқу жылы аралығында облыс мектептері арасында ұйымдастырылған арнайы байқаудың қортындысы жарияланды. Нәтижесінде облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей интернаты жеңімпаз деп танылып, 19 млн 567 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Ақсу қаласының №2 жалпы білім беру мектебі қалалық, Павлодар қалалық №40 орта білім беру мектебі ауылдық оқу орындары арасынан озық атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізген «Жас дарын» мамандандырылған мектебі, Павлодар қалалық білім беру бөлімі және Шарбақты ауданының білім беру бөлімі де сый-сыяпатқа ие болды.