Павлодар облысының әкімі: Жаңа жыл - атқарған істерге баға беру, қорытындылау кезеңі
Құрметті павлодарлықтар! Қымбатты ағайын!
Дана халқымызда: "Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп", - деген нақыл сөз бар. Біз - қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.
Аяқталып қалған 2013 жыл облыс жұртшылығы үшін берекелі де жемісті болды. Бірлігі жарасқан еліміз жаһандық сипаттағы үлкен сыннан сүрінбей өтіп, дағдарыстан шығар жол тауып, жасампаз істеріміз арқылы даңғыл дамуға бет алдық.
Жаңа жыл - атқарған істерге баға беру, қорытындылау кезеңі. 2013 жылы біріміз - жоғары оқу орнын тәмамдасақ, енді біріміздің отбасында сәби дүниеге келді. Өндірісті өлкеміздің қуатын еселеген жаңа өндіріс орындары пайда болды. Көптеген жаңа нысандар бой көтеріп, әлеуметтік мәні зор ірі жобалар іске асырылды.
"Жол картасы" мемлекеттік бағдарламалары бойынша жаңа жұмыс орындары ашылып, облыс орталығында бірнеше көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл егін бітік шығып, қамбамыз астыққа толды. Аймағымыздың барлық аудандарында жаңа тұрғын үйлер, балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, спорт алаңдары салынды. Жолдар жаңартылып, көптеген әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті.
Білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, спорт саласында да толайым табыстарға қол жеткіздік. Алайда, осындай игіліктердің бәрі де оңайлықпен келген жоқ. Мұның бәрі де біздің берекелі бірлігіміз бен қажырлы еңбегіміздің арқасында мүмкін болған жемісіміз деп білемін.
Әркім жаңа жыл қарсаңында жаңа арман мен жоспар құрады. Арман адамды қанаттандырып, биік мақсатқа жетуге жол көрсетеді. Ал біздің айқын да тура жолымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Себебі, біздің мақсатымыз - ортақ, тілегіміз де, ниетіміз де бір.
Егеменді еліміздің өз әлеуетін жүзеге асырып, өркендеуші елге айналуына себепкер болған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық саясаттағы және біздің мемлекетіміздің қарқынды дамуындағы баға жетпес рөлімен тікелей байланысты.
Келе жатқан жылқы жылы біздің берекелі бірлігімізді, жарасымды татулығымызды, үйлесімді тұрақтылығымызды нықтай түсетін жыл болатынына кәміл сенемін.
Осы бір шуақ шашқан отбасылық мереке баршаңызға бақыт, табыс пен шаттық әкелсін!
Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Жаңа жыл әр отбасы үшін ырыс пен береке жылы болсын!