Павлодар облысының әкімшілігі Төреғали Төреәліні іс-шараларға шақыртудан бас тартты

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының əкімдігі Төреғали Төреəліні ресми іс-шараларға шақырудан бас тартады. Жақында орын алған оқиғаға байланысты облыстық мәдениет басқармасы осындай шешім шығарған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Басқарма 21 желтоқсанда Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен концертте Төреғали Төреәлінің әрекетін орынсыз деп санады. Сондықтан шенеуніктер жуық арада әншімен байланыс орнатудан бас тартып отыр.
- Павлодардағы әр мерекеде қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуіне мүмкіндік беріп, жиі шақырып отырамыз, - деп хабарлады облыстық мәдениет басқармасы. - Тек қана, облыста жеке ұйымдастырушылардың тарапынан өтетін коммерциялық концерттерге бақылау жүргізе алмаймыз. Ал мемлекеттік мекемелер өткізетін салтанатты шараларға Төреғали Төреәлі шақырылмайтын болады.
Еске сала кетсек, бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Төреғали Төреәлінің бір көрерменмен әдепсіз сөйлескен видеосы  жұртшылықтың наразылығын тудырды.  
Шу көтерілгеннен кейін әнші Инстаграм желісі арқылы тікелей эфирде тыңдармандарына мән-жайды түсіндіруге тырысты. Ол залдағы бір көрерменнің айғайы намысына тигендігін жеткізіп, болған жағдай үшін кешірім сұрады.