Павлодар облысының екі ауылында дәрігерлік амбулаториялар ашылды
01:36, 01 Тамыз 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Павлодар ауданының Красноармейка ауылында және Шарбақты ауданының Хмельницкий ауылында жаңа дәрігерлік амбулаториялар есіктерін айқара ашты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аталмыш медициналық мекемелер сапалы да қолжетімді медициналық қызметтер көрсетуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен жарақталған.
Красноармейка дәрігерлік амбулаториясы бір ауысымда 25 адамды қабылдауға есептелген. Қазіргі уақытта ауылда 2500-ден астам адамға (олардың 606-сы 14 жасқа дейінгі балалар) медициналық қызмет көрсетіледі.
Хмельницкий ауылының екі мыңнан астам тұрғыны үшін медициналық қызметтердің барлық түрі қолжетімді. Жиырма бес орынға шақталған ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы 2014 жылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен басталған болатын.