Павлодар облысының медициналық автопаркі 100%-ға жаңартылады
17:51, 11 Қыркүйек 2020
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Ақсу медициналық мекемелерді аралап шықты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Ақсу қалалық ауруханасының директоры Мақсат Мұқашев мәлім еткендей, медициналық мекеме құрылымына 180 орындық стационар, 500 орындық көпсалалы емхана, ауылдық аймақтағы жеті дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік пункт пен 10 медпункт кіреді.
Ауруханада мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жүзеге асырылған. Соның алғашқысы гемодиализ орталығы болса, екіншісі 2019 жылы компьютерлік томограф орнату бойынша жоба.
Қалалық аурухана персоналымен тілдескен Марат Шоранов коронавирус пандемиясы кезіндегі медиктер жұмысына ерекше назар аударды.
Қазіргі кезде жағдай тұрақты. Жедел респираторлы аурулар мен пневмониямен ауыратындар саны күрт азайды. Осы себепті провизорлық орындар уақытша жабылды.
- Бізге ел Президенті әсіресе ауылдық жерде инфрақұрылымды дамытуды тапсырған еді, - дейді Марат Шоранов. - Сол себепті жаңа нысандар салуға деген қажеттілікті анықтау мақсатында қолда бар инфрақұрылымның аудитін өткізу керек. Бұл жұмысты қараша айына дейін аяқтаймыз.
Марат Шоранов жақын арада облысқа жеті жаңа жылжымалы медициналық кешендер келетінін атап өтті. Одан басқа қараша айына дейін өңірге 109 су жаңа отандық жедел жәрдем машинасы тапсырылатындығы белгілі болды.
Кездесу соңында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау қажеттілігін қадап айтты. «Маскалық режим мен әлеуметтік ара қашықтық сақталмаса, инфекция әрі қарай тарай береді», - деді Марат Шоранов.