Білім беру бөлімі басшысының орынбасары Людмила Казанцеваның айтуынша, Павлодар облысының мектептерінде алғашқы рет бір уақытта Мемлекеттік ту көтеріледі. Білім беру мекемелерінде салтанатты жиындар 1 қыркүйек күні сағат 10.00-де басталады.
«Алғаш рет павлодарлық мектептерде флагштоктар орнатылды. Білім күні Туды көтеру мәртебесі мектептердің үздік оқушыларына беріледі. Олардың арасында халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары мен мектеп белсенділері бар. Флагштоктың биіктігі 3,5-4 метр», - деді Людмила Казанцева.
Айта кету керек, биыл мектеп табалдырығын алғаш 5122 оқушы аттайды. Ал 11-ші сыныпты мыңнан аса түлек тәмамдайды. Павлодар қаласында 5579 ұстаз еңбек етеді. Олардың 2851-і мектептерде, 2275-і мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, 453-і мектептен тыс мекемелерде жұмыс істейді. Биыл сынып сағаттары «Мен өз елімнің патриотымын» тақырыбында өтіп, оған мектептің табысты түлектері қатысатын болады.
Жалпы Ертіс өңірінде 362 мектеп бар.