Павлодар облысының нұротандықтары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып отыр
«Қазақстанның Халық банкі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов, партия делегаттары, мемлекеттік органдардың басшылары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақытжан Сағындықов баяндама жасап, «партия филиалының жұмысы Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отанның» XII кезектен тыс съезінде айтқан тапсырмаларын орындаудың аясында жүргізілгенін» мәлім етті.
«Өткен жылы облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары өндіріс көлемін толық қалпына келтірді. Облыстың жалпы ішкі өнімі 989 миллиард теңгені құрап, 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 107,3 пайызды құрады. Аймақ экономикасына 190,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 15 пайызға көп. Партия филиалы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуына белсенді атсалысып отыр. Облыста салынып отырған жалпы инвестиция сомасы 768,7 миллиард теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Былтыр жалпы құны - 103 миллиард теңгенің 30 индустриялық жобасы іске қосылды, оның 13-і - жаңа өндіріс болса, 17-сі - техникалық қайта жарақтау жобасы. Әлеуметтік салаға аударылып отырған бюджеттің үлесі де өсіп келеді, бүгінде ол 70 пайызға жетіп отыр», - деді әкім өз сөзінде.
ХДП Саяси кеңесі бюросының мүшесі А.Павлов конференция делегаттарына «Нұр Отан» партиясының 2020 жылға дейінгі бағдарламасының жобасы туралы әңгімелеп берді.
Нұротандықтар жарыссөз барысында сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары, партиялық бақылау қосындарының Жол картасы нысандарындағы жұмыстары туралы, патриоттық шаралардың ұйымдастырылуы туралы есеп берді.
Делегаттар облыстық филиалдың Саяси кеңесінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.