«Өрттің ауданы шамамен 600 гектарды құрайды. Тұрғындар арасында қайтыс болған және зардап шеккен адамдар жоқ. Мамандардың бағалауы бойынша елдімекендерге төнетін қауіп жоқ. Тұрғындарды эвакуациялау жүргізілген жоқ», - делінген Павлодар облысы әкімдігінің Telegram арнасында жарияланған хабарламада.
Жергілікті құзырлы орган дерегінше, өрт аумағына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов барған. Сондай-ақ, қызыл жалынды ауыздықтауға ТЖМ-нің 2 тікұшағы жұмылдырылды.
Еске салайық, бүгін Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары аптап ыстық пен найзағайға байланысты қызмет көрсетудің күшейтілген нұсқасына көшкенін хабарлап едік. Өңір аумағында 14 шілдеде таңғы сағат 8-ден бастап өрт сөндірушілер 30-дан астам шақытруға шыққан. Оларға 31 техника мен жеке құрамның 95 адамы жұмылдырылды.
«Қазір Ақтоғай, Баянауыл, Аққулы, Шарбақты ауданы және Екібастұз ауылдық аймағында өрт қаупі бар. Өрт сөндірушілер 15 өртті сөндіріп жатыр», - деп хабарлады облыстың төтенше жағдайлар департаментінен.
Сонымен қатар, Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватынан тағы да өрт шығып, Бесқарағай ауданында төтенше жағдай жарияланды.