Павлодар облысының трассаларында 1 адам мерт болып, төртеуі ауруханаға түсті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Демалыс күндері Павлодар облысының трассаларында екі жол апаты болып, салдарынан 1 адам қаза болды, тағы төртеуі ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 қыркүйек күні сағат 22:00-де «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 338-шақырымында, Қызылтаң ауылына жақын жерде «TOYOTA SEQUOLA UHPY» көлігінің 33 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, шұңқырға аударылып кеткен. Салдарынан жарақат алған 38 жастағы жолаушы ауруханаға жатқызылды», - делінген Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Тағы бір жол апаты 11 қыркүйек түнгі сағат 00:10-да «Ленинский-Курчатов» көлік жолының 101-ші шақырымда, Кеңтүбек ауылының маңында болды. Онда «ВАЗ-21099» және «ВАЗ-2106» көліктері соқтығысқан. Оқиға салдарынан «ВАЗ-2106» көлігінің 54 жастағы жолаушысы ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. 30 жастағы жүргізуші мен 29 жастағы жолаушы және «ВАЗ-21099» көлігінің 48 жастағы жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.

«Аталған фактілер бойынша сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Көліктер арнайы тұраққа қойылды», - деді полициядан.