Павлодар облысының ТЖД Қарағанды өңірінен қауіп жоқ деп сендірді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Төменгі Нарбақ су қоймасы бөгенінің жарылуы салдарынан Павлодар облысының ауылдық аймақтарына қауіп төнбейді.

Бұл туралы бүгін "Ертіс" баспасөз клубында өткен брифинг барысында Павлодар облысы ТЖД-нің басшысы Алексей Двинянин мәлім етті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz. - Су бөгенінің жарылуы біздің өңірде орын алмағандықтан, қауіптенуге негіз жоқ, - деді басқарма басшысы.

"Су ағыны өтетін "Павлодар - Қызылорда" трассасының учаскесі Қарағанды облысының аумағында, дәлірек айтсақ, бізден шалғайда жатыр. Десе де, облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Сергей Сытник ведомствоның ақпан айында Қарағанды облысы тарапынан елді мекендерді су басуы мүмкін екеніне алдын ала жорамал жасағандығына сендірді. - Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қауіп төнуі мүмкін жерлерге шығатын жұмыс тобы құрылды. Оның ішінде "Ақжар" және "Қаратоқа" су бөгеттеріне жасаған сапардан тиісті акт құрылып, біздің өңірдің басшылығының атынан Қарағанды облысының әкіміне хат жолданды. Сонымен қатар Қарағанды облысынан біздің аймаққа келетін еріген қардың суы да назарға алынған. Қарағанды облысын бізден тұтастай қоршап тастау мүмкін емес әрі бұл өте қауіпті. Әлбетте, су тасқынына қарсы жүз пайыздық кепілдік бере алмаймыз, - деді С. Сытник.

Ведомство ұсынған ақпарат бойынша өңірде су тасқынына байланысты 722 үй мен 2525 тұрғыны бар 31 елді мекен ерекше бақылауға алынған. Өткен жылғы жағдайдың қайталанбауы үшін бұрынғыдай Баянауыл ауданының Теңдік, Қараащы ауылдары, Ақтоғай ауданының Шолақсор, Ақсу мен қала сыртындағы кент, Кенжекөл ауылы және Павлодар ауылдық аймағындағы Ленин кентіне көңіл бөлінуде. - Осы аптада жоспарланған ведомствоаралық комиссияның отырысында су жіберу кестесі қарастырылады. Қазіргі таңда Ертістен тәулігіне 1700 текше метр су жіберілуде. Бұл көрсеткіш артқан жағдайда ескерту келеді. Алайда қазір ШҚО-ның таулы өңірлерінен еріген қар су қоймасын толтыратындықтан, қандай да бір болжам айту қиын, - деді С. Сытник.