Павлодар өңірі бойынша 150 сыныптың оқушылары қашықтан оқуға көшірілді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бұған балалар арасында суық тию және тұмау ауруларының көбейіп кетуі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта облыста 14 жасқа дейінгі 32,8 мың бала ЖРВИ-ге шалдыққан.
Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы облыста 51 мың жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жағдайы тіркелген. ЖРВИ-ға шалдыққандардың 60 пайызы – балалар. Бір айға жуық уақыт ішінде 32 мыңнан астам жағдай белгілі болған.
Ал А типіндегі тұмаудың 30 жағдайы тіркелген. Ауырғандар арасында 14 бала және 16 ересек адам бар.
Бүгіннен бастап облыстағы кейбір сыныптар қашықтан оқыту форматына ауыса бастаған.
- Облыс бойынша қазіргі уақытта 150 сыныптың оқушылары үйден оқып жатыр. Павлодар қаласында қашықтан оқуға 123 сынып ауыстырылса, Павлодар ауданында – 25, Тереңкөл ауданында 2 сынып осындай форматқа көшті, - деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Павлодарда балалар арасында вирусты инфекция өршіп, аурухана науқастарға толып қалғанын жазғанбыз.