Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өңірде барлығы 36 аңшылық шаруашылық бар. Күзгі-қысқы аңшылық маусымына олардың 33-іне рұқсат берілген.
Бұған қоса бес жылдық үзілістен кейін Шаррбақты мен Аққулы аудандарындағы аңшылық шаруашылықтары қайта жұмыс істей бастайды. Бұған кәсіпшілік шекараларын белгілеу жұмыстары себеп болған.
- 29 тамыздан бастап Павлодар облысында қаз, үйрек және кекілікті аулауға рұқсат беріледі. 1 қыркүйектен бастап борсық, ал 5 қыркүйектен бастап құр, шіл және қабан аулауға болады. Сібір елігінің аталықтарын аулау 15 қыркүйекте ашылады. Сондай-ақ 1 қарашадан бастап қоян, түлкі және қарсақ аулауға рұқсат етіледі, – дейді өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Арман Мұқатаев.
Қаз, үйрек, шіл және кекілік аулауға 30 қарашадан кейін тыйым салынады. Борсыққа – 15 қарашадан, құрға – 15 желтоқсаннан, сібір елігіне 31 желтоқсаннан кейін аңшылық жасауға болмайды. Қоян, түлкі және қарсақ аулау маусымы 15 ақпанда аяқталады.
Айта кетейік, жазғы кезеңде өңірде аңшылықтың екі түріне ғана – суыр мен сібір елігінің аталықтарын аулауға рұқсат берілген. Ал қасқыр атуға тыйым салынған.
- Облыс аумағында қасқыр саны көп емес, шамамен 200-дей ғана. Сондықтан олардың санын реттеу жұмыстары жүргізіледі. Қасқырларды тек үй жануарларына немесе адамдарға шабуыл жасау фактілері болған жағдайда ғана атуға рұқсат етіледі, – дейді Арман Мұқатаев.
Бүгінде Павлодар облысында шамамен 6-7 мың аңшы бар. «Қызылтау» мемлекеттік табиғи қаумалында, Баянауыл ұлттық паркінде, «Ертіс орманы» резерваты аумағында, Ертіс өзенінің жайылмасында және аңшылық алқаптардың резервтік қоры аумағында аң аулауға тыйым салынған.
Еске сала кетейік, бұдан былай Ертіс орманы аумағына кіру ақылы болады.