Павлодар өңірінде 500 жігіт әскерден жалтарып жүр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әскерге шақыру комиссиясы оларға іздеу жариялаған. Жалтарған ер азаматтардың жартысына жуығы облыс орталығында тұрады.
Биыл күзде Ертіс-Баян өңірінен 550 жігіт әскерге алынуы керек. Өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мамандары әскерге шақырылушы комиссиядан өтуге келмесе, SMS қайталай жіберілетінін айтады. Ал одан нәтиже шықпаса, полиция департаментіне беріледі.
— Қазіргі күні шамамен 500-дей адам әскерге барудан жалтарып жүрген болып есептеледі. Олардың 213-і Павлодар қаласынан. 2024 жылдан бастап біздің департамент шақырылушыларды комиссияға алып келумен айналыспайды. Бұл құзырет полиция органдарына берілген, — дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Бекзат Оразов.
Әскери борышын өтеуден қасақана қашқандар Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жазаланады. Әскерге барудан мүлдем бас тартқандарға 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырылады.
Еске сала кетейік, Қазақстан мектептерінде алғашқы әскери дайындықтың жаңа стандарты енгізілді.