Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов Аққу көлінен түсірілген фотосуреттерді Kazinform ақпараттық агенттігімен бөлісті.
- Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сұңқылдақ аққулар жүзіп жүр. Олар оңтүстікке ұшуға дайындалып жатқан сияқты. Керемет көрініс, көлде аққулар өте көп. Табиғатты аялайық, – дейді мекеме басшысы.
Оның айтуынша, аққулардың күзгі қоныс аударуы әдетте қыркүйек айында басталып, қазан-қарашада жалғасады. Құстар су айдындарының жағдайына, ауа райына және қорек қорының жеткіліктілігіне қарай жылы жаққа бет алады.
Күзгі көш кезінде аққулар Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлеріне, сондай-ақ Орталық Азияның жылы аймақтарына қарай ұшуы мүмкін. Жол бойында өзен-көлдерге аялдап, тынығады және қоректенеді.
Мамандар Павлодар облысында жабайы құстарды бақылау кезінде олардың саны, орналасқан жері мен жағдайы назарға алынатынын айтады. Егер жарақаттанған немесе әлсіреген құстар анықталса, оларға көмек көрсетіледі.
Еске сала кетейік, былтыр Павлодарда ауыл тұрғыны аязда қалып қойған қос аққуды құтқарып қалған еді.
Ал биыл көктемде мұз құрсауынан құтқарылған әлгі аққулар айдынына қайта оралды.