Павлодар өңірінде алғашқы аурухана тұрғызған қазақ фельдшері туралы не білеміз

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — 1907 жылы Павлодар қаласында 20 төсек-орынға арналған уездік аурухана ашылды. Ғимарат бүгінге дейін сақталған. Ел аузында «ақ аурухана» аталған емдеу мекемесінің құрылысын басқарып, кейіннен алғашқы дәрігері атанған жергілікті фельдшер Арын Сүлейменов болатын.

Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі

Қазіргі Абай көшесінде орналасқан тарихи нысанның қызықты тарихы бар. Аурухана салынып жатқан кезде көше әлі ресми атауға ие болмағандықтан, жергілікті тұрғындар оны ұзақ уақыт бойы «Аурухана көшесі» деп атаған. Күйдірілген кірпіштен қаланған, екі қабатты алғашқы уездік аурухананың ғимараты жеке тұрғын үйлердің арасында көзге көп түсе бермейді. Ағаштар мен аласа қоршаудың тасасында орналасқанымен, ашық көгілдір түске боялған тарихи ғимарат өтіп бара жатқан жұрттың назарын еріксіз аударатыны рас.

Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі

Архивтік деректерге сүйенсек, Ертіс-Баян өңіріндегі алғашқы қазақ фельдшері Арын Сүлейменов аталған аурухана салынып жатқанда құрылысын басқарған. Ғимарат үш жылда салынып бітеді. Одан соң аурухана ашылғанда басшылықты өз қолына алады. Төңкеріске дейін Павлодарда денсаулық сақтау мекемелері санаулы ғана еді. Қалада түрме жанындағы емдеу орны мен әскери комиссариаттағы әскери медициналық пункт қана жұмыс істеген. Сондықтан 1907 жылы 20 төсек-орындық стационары бар аурухананың ашылуы жергілікті халық үшін үшін елеулі оқиға болғаны даусыз.

Арын Сүлейменұлы 1877 жылы туған. Әкесі Сүлеймен мал қарап жүргенде мертігіп, дүниеден ерте қайтады. Арыннан кейін Әмір, Омар деген екі баласы болады. Әмір балташы болып жұмыс істепті. Ал есепші қызметін атқарған Омар 1935 жылы қайтыс болады. Патшалы Ресей үкіметінің кезінде бір баланы Омбыға оқуға жіберсін деп хабар келгенде, бай мен болыстар балаларын «шоқынып» кетеді деп қорқып, алыс жерге жібергілері келмейді. Сөйтіп, сол ауылдан шыққан орта шаруаның баласы, орыс тілін біршама білетін Арын Сүлейменовтің «бағы» жанады. Бұған дейін (1897 жылы) халық санағы жүргенде тәлмаштық қызмет атқарғаны да бар еді. Фельдшерлік мектепті Омбы қаласында 1901 жылы тәмамдаған. Елге келген соң қазіргі Абай облысындағы Жетіжар (ол кезде Семиярко) ауылына, Тереңкөл, Садықащы елді мекендеріне барып, фельдшерлік қызмет атқарады. Сөйтіп Ертіс бойында қазақтан шыққан алғашқы фельдшер дәрігер атанады.

Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі

Бір жылдары оның отбасы Кереку (Павлодар) қаласына жақын «жетінші» ауылға көшеді. Сол ауылда 10 кісілік керуеттік аурухананың басшысы болған. Бұл қызмет қалаға жақындау орналасқандықтан «қырға» қарағанда, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де, емдеу тұрғысынан алғанда да қазіргі ауруханалардың жұмысына бір табан жақынырақ болған еді. 1904 жылы Павлодар қаласында екі қабатты алғашқы уездік аурухананың құрылысы басталғанда ғимараттың аяқталғанын күтпестен әлгі жердің ауласына киіз үй тігіп, науқастарды қарай бастайды. Кейде өз атын жегіп, «тарантас» ат-арбасына дәрі-дәрмегін салып алып, шешек ауруына қарсы балаларды егіп, ел аралап кететін.

1918 жылы шаһарда кеңес өкіметі орнап, аумалы-төкпелі заман басталғанда қайтадан қырдағы елдерге барып қызметін жалғастырады. Ол дәрігер ретінде сол замандағы озық медициналық ем-домның барлығын қолдануға тырысқан.

Арын Сүлейменов отбасымен, 1913 жыл. Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі

Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінің бөлім басшысы Гүлжайнат Әлиеваның айтуынша, Арғын Сүлейменов ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданыста болып келген скарификатор — қан алуға арналған көне медициналық құралды кеңінен пайдаланған. Сегіз бұрышты, жезден жасалған классикалық еуропалық құрылғы тұлғаның көзіндей әлі күнге аталған музейде сақталып тұр. Оның тетігін басқанда табанынан 12 өткір ұстара жүзі шығады. Сол арқылы адамның денесін тіліп, шыққан қанды шыны құтылармен сорып алған.

Арын — қазақтан шыққан танымал онколог-хирург, Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Арғын Сүлейменовтің әкесі. Биыл Арғын Арынұлының туғанына 110 жыл толып отырғанын айта кеткен абзал. Ол өз естеліктерінде жазғандай, медицина саласын таңдауына әкесі түрткі болған. Сегіз жасынан Кереку қаласындағы орыс мектебіне оқуға береді. Немере ағалары Ахмет, Қайлаңмен бірге орыс кемпірінің үйінде тұрып оқиды. 1932 жылы әкесі Арғын мен Ахмет екеуін сол уақытта өркениеттіліктің үлгісіндей болған Омбы қаласына оқуға жібереді. Олар мұнда жұмысшы факультетіне (рабфак) қабылданады.

— 1935 жылы Омбыда рафбакты бітірген соң ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылдандым. Сол жылдың жазында пароходпен Семияркоға келдім, үй ішіміз сонда еді. Әкем Арын: «Сен агроном болма, менің дәрігерлік жолымды қу. Алматыда жаңадан медициналық институт ашылып жатыр екен, соған барып түс» деді. Сонымен сол жылдың шілде айында Алматы барып, медициналық институтқа емтихан тапсырдым. Жолым болып, қабылдандым, — деп жазып қалдырған Арғын Сүлейменов естелік қолжазбасында.

Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі

Ал 1937 жылы жазда елге келгенде әкесі Жетінші ауылда медпунктті басқарып тұрған еді. Тамыздың 15-інде «сендер жылдам Алматыға қайтыңдар» деп асықтырады.

— Оқуға әлі ерте ғой дегенімізге болмады. Сөйтіп Алматыға қайтадан жүріп кеттік. Сөйтсек 17 тамыз күні НКВД адамдары әкемді ұстапты. Әкеме жазықсыз жала жабылып, 58-баппен 10 жылға сотталып кетеді. Алайда түрмеге қамалған уақыттан хабарсыз кеткен. Тек 1956 жылы Павлодар соты ісін қайта қарап, «жазықсыз» деп ақтап шығарды. Соңынан әкеміздің 1945 жылы өмірден өткенін КГБ адамдарынан естіп білдім. Бірақ марқұмның денесінің қайда жерленгенін ешкім айта алмады, — деп жазады Арғын Сүлейменов.

Алғашқы уездік аурухананың қазіргі кейпі. Фото: Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі

Осылайша, қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Арын Сүлейменұлы жазықсыздан жазықсыз қуғын-сүргін құрбаны болып кете барады. Деректерде оның 1938 жылы атылып кеткені де айтылады. Өзі негізін қалаған алғашқы уездік аурухана кейін округтік және аудандық ауруханаға айналып, ал 1938 жылдан бастап облыстық аурухана мәртебесін алады. 1991 жылы оның есімін ұлықтау мақсатында ғимаратқа мемориалдық тақта орнатылған. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде ғимараттың ішкі жоспарлануы өзгеріп, оған жапсарлас құрылыс салынады. 1990 жылдардың ортасында «Қазжобақалпынакелтіру» институтының жобасына сәйкес қасбеттерді қалпына келтіру, шатырды жөндеу және желдету жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ғимараттың ішінде облыстық жедел жәрдем стансасы орын тепкен.

Еске салайық, бұған дейін Баянауылда ХІХ ғасырда ағылшындар салған мұнара сақталып қалғанын жазғанбыз.