Павлодар өңірінде жаңадан үш мектеп бой көтеріп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Олардың екеуіне бюджеттен 9 млрд теңге қарастырылған. Тағы біреуі инвестордың есебінен салынып жатыр.

Фото: gov.kz

Өңірлік білім беру басқармасының дерегінше, қазіргі уақытта Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында 100 орындық, Атығай ауылында 120 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы Усолка шағынауданында 1200 оқушыға лайықталған тағы бір мектептің құрылысы басталды. 

— Қызылқақ ауылындағы және Усолка шағынауданындағы білім ғимараттарының құрылысына облыстық бюджеттен 9 млрд теңге бөлінген. Ал Атығай ауылындағы мектеп құрылысы инвестор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Әлия Тлембаева.

Бүгінгі таңда Павлодар қаласында оқушы орындарының тапшылығы бар. Жаңа 1200 орындық мектептің құрылысы жақын маңдағы 4 қалалық мектептің (№ 24, 25, 42 және М. Әлімбаев атындағы мектеп) жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін шекара бойындағы түлектердің көршілес елдің оқу орындарына әуестігі азаймай тұрғанын жазған болатынбыз.