Жедел жәрдемге шақырту 14 тамыз күні кешкі сағат 5-терде түскен. Оқиға орнына жедел жәрдемнің үш бригадасы, Апаттар медицинасы орталығының бригадасы және Қалқамандағы дәрігерлік амбулаторияның медицина қызметкерлері барған.
– Жол апаты болған жерден екі ұл мен бір қыз бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Тағы бір әйел кәмелетке толмағандардың біріне серік болып барды. Павлодар қалалық №1 ауруханасына бір ер адам мен әйел жеткізілді. Оқиға кезінде кәмелет жасына толмаған қыз бала аса ауыр жарақаттар алған. Дәрігерлер зардап шегушіні жедел жәрдем көлігінде клиникалық өлім жағдайында қабылдады. Реанимациялық көмек көрсетуге тырысқанымен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, - деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем станциясынан.
Бұған қоса 16 тамыз күні Тобылжан ауылының жанында көлік жол жиегіне аударылып, салдаынан үш ер адам аудандық ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ, жіті стресстік реакция алған бойжеткенге оқиға орнында көмек көрсетілген.
Еске сала кетейік, Астана – Щучинск тасжолында жүргізуші ұйықтап кетіп, жол апатына түсті.