Павлодар өңіріндегі оқушылар ми батпақтан ауыл ішіндегі мектепке жете алмай жүр

Фото: Жаңабет ауылы тұрғындары

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жаңабет ауылы тұрғындарының айтуынша, көше жолдарын ретке келтіру мәселесі көп жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда жергілікті билік ауылдың мұңын елемей отыр.

Тұрғындар жберген видеодан байқағанымыздай, Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылының көшелері күздің жауынында ми батпаққа айналып кеткен. Адам түгілі, көлік әрең қозғалады. Кейбіреулер балаларын мектепке трактормен тасып жүр. Мұндай машақат жазғытұрым қар ерігеннен бастап аяз түскенше созылатын көрінеді. Жыл сайын қайталанатын келеңсіз жағдай әкімдердің есептік кездесулерінде айтыла-айтыла жауыр болған. Уәделерін орындамайтын билік өкілдеріне жұрттың өкпесі қара қазандай.

Фото: Жаңабет ауылы тұрғындарынан

— Мынау көше дегенің аты ғана, әйтпесе нағыз тайганың ми батпағы тәрізді. Жүрсең аяғыңа жабысып, шалынып құлайсың. Көктем мен күзде, жаздың жаңбырлы күндері езіліп кететіні соншалық, ауыл ішінде көлікпен ғана жүруге мәжбүр боламыз. Бәрінен бұрын балаларымызға қиын болды. Мектепке барып, келу нағыз машақат. Кейбір көршілерім балаларын таңертең көлік жалдап апарады, — деп қынжылды ауыл тұрғыны Азамат Қожмағамбетов. 

Ал Жаңатап бөлімшесінен оқушылар әкелетін автобус бұл жерге келе алмайды, үлкен көлік батып қалуы ықтимал. Амалсыздан ауыл сыртынан тоқтап, балалар батпақ кешіп жетеді. Батпақ мәселесі Жаңатап ауылында да бар, автобус мұнда да алыстан аялдайды. Соның салдарынан бірнеше ата-ана балаларын мектепке жіберуден бас тартқан.

Фото: Жаңабет ауылы тұрғындарынан

Осы орайда, тұрғындар тым болмағанда көше жолдарына уақытша қиыршық тас төсеп берсе екен деген тілектерін жеткізді. Жолдардың жалпы ұзындығы 2 шақырымнан аспайды. Бұдан бірер жыл бұрын ауыл азаматтары бас қосып, көшелердің жолына топырақ төгіп, өз қолдарымен биіктеткен екен. Алайда қиыршық тас болмаған соң әлгі жасағандары бір жылға жетпей бұзылып қалған. Кейде жердің езіліп кететіні соншалық, ауылға көлік кіре алмай үлкен жолдың бойына қаңтарып қояды. Кіреберіс жол да жөндеуге сұранып тұр.

Анықтағанымыздай, Жаңабет ауылындағы тұрғындар саны 300-дің үстінде. Мектепте 71 бала оқиды. Мүткенов ауылдық округіне қарайтын елді мекеннің адамдары өздерін шетте қалған арал тұрғындары ретінде сезінетіндерін айтады. Себебі, ауыл игілігі үшін жасалған жұмыстар жоқтың қасы. Халықтың бірлігі айрандай ұйығанымен, ауыл тірлігін жандандыра түсетін, жастардың тұрақтап қалуына негіз болатын мемлекеттік қолдауды сезіне алмай отыр.

Фото: Жаңабет ауылы тұрғындарынан

Ал Ақтоғай ауданының билігі Жаңабетке асфальт тұрмақ, қиыршық тас төсеудің өзі әзірше мүмкін емес дейді. Ең әуелі жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, соның қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарына конкурс жариялануы керек. Ал мәселені бір демде шешіп бере салатын демеуші жомарт кәсіпкерлер табылмай отырған көрінеді.

— Жаңабеттегі мәселе бізге жақсы мәлім. Бірақ осы уақытқа дейін көше жолдарын жөндеу бойынша жоба әзірленбеген. Сол себепті оған әзірше қаражат бөлу, уақытша шара ретінде қиыршық тас төсеу де мүмкін емес. Қазіргі уақытта ауылдың орталық және мектеп орналасқан қос көшесіне, 500 метрлік кіреберіс жолға асфальт төсеу бойынша ЖСҚ әзірлеуге ұсыныстар жасалды, ол келер жылдың бюджетіне енгізіледі. Бюджетте қаралмаған соң ондай мүмкіндік жасай алмаймыз. Жоспар бойынша 2026 жылы ЖСҚ әзірленсе, 2027 жылы асфальт төселуі керек. Көшелерге тек асфальт төселмейді, оның табандары нығыздалып, су шайып кетпейтіндей берік етіп жасалуы тиіс, — деп жауап берді аудандық әкімдіктен.

Фото: Жаңабет ауылы тұрғындарынан

Жалпы өңір жұртының айтуынша, мұндай мәселе Ертіс бойын қоныс еткен көптеген ауылдарда бар. Алайда көп жылдар бойы қордаланған мәселе шешілер емес.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында 500-ге жуық сыныптың оқушылары қашықтан білім алып жатыр.