Павлодар өңіріндегі орман шаруашылықтарында 3 миллионнан астам ағаш отырғызылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облысқа қарасты мемлекеттік орман қорының 564 гектарына 3,2 млн көшет егілді. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 446 млн теңге бөлінген.

Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың мәліметінше, көшеттер Павлодар, Үрлүтіп және Максим-Горький орман мекемелерінің аумағына егілген.

— Павлодар орман мекемесінің Ямышев орманшылығында 165 гектар, Үрлүтіп орман мекемесінің Қайыңды орманшылығында 157 гектар, ал Максим-Горький орман мекемесінің Песчан орманшылығында 242 гектар жерге ағаш отырғызылды. Орманды қалпына келтіру үшін қарапайым қарағай мен қарағаш көшеттері пайдаланылып жатыр. Қарағай көшеттері Ресейден, ал қарағаш Ақмола облысындағы «Қазақстан орманы» ЖШС тұқымбағынан жеткізіледі, — деп атап өтті басқарма басшысы.

Мамандардың айтуынша, көшеттер өңірдің топырақ-климаттық жағдайына бейімделу талаптарын ескере отырып таңдалған. Күзгі ағаш отырғызу жұмыстарына шамамен 170 адам мен 70-ке жуық техника жұмылдырылған.
Келер жылы өңір бойынша 1 274 гектар аумаққа орман дақылдарын отырғызу көзделген.

Еске сала кетейік, Қостанай облысында жыл басынан бері 15 миллионнан астам ағаш отырғызылды.