«Pavlodar Open 2016» жарысының іріктеу қорытындысы жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда 96 шахматшы қатысқан «Pavlodar Open 2016» жарысының іріктеу қорытындысы жарияланды.

Ерлер арасында чемпионаттың бірінші лигасында Игорь Санников жеңімпаз  атанды. Екінші орынды халықаралық шебер Владимир Гребенщиков жеңіп алса, үшінші орынды Баянауыл ауданынан келген жалғыз өкіл Бекболат Арманбек иеленді. Аталған үш спортшы «Pavlodar Open 2016» жарысына алдын ала жарнасыз қатысады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 Айта кету керек, мұндай жарнаның құны 3 мың теңгеден 25 мыңға дейін жетеді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының сыйлықтарымен жеңімпаздармен қатар өз санаттарында жоғары ұпай жинаған спортшылар да марапатталды. Ардагерлер арасында алғашқы үштікке Юрий Папурин, Еркен Камитов және Владимир Ивко енді. Нәзік жандылар ішінде Еркежан Әділбекова жеңімпаз атанса, екінші орынды Жібек Қуантай иемденді, үшінші орын Бақыт Бадамшинаға бұйырды. Оқушыларға келетін болсақ, бірінші орынды Михаил Егоров, екінші орынды Натан Кертаев, ал үшінші орынды Тамерлан Керимов иеленді. - Биыл жарысқа қатысушылардың саны артты. Әдетте, 60 адамдай ғана болатын. Осы жылы спортшылар 96-ға дейін жетті. Жақында ашылған шахмат академиясынан көп бала келді. 20 қараша күні облыс орталығында «Pavlodar Open 2016» жарысының Қазақстан кубогы үшін ойыны өтеді. Он мемлекеттен гроссмейстерлер келеді деп күтілуде, - деді жарыстың бас төрешісі Евгений Егоров.

Айта кетсек, 15 қараша күні павлодарлық шахмат үйінің ашылғанына 30 жыл толады. Оның алғашқы басшысы Геннадий Одегов болған.