Павлодар саяжайындағы өрт: 370 учаске тып-типыл болған

Фото: Фото: ТЖМ

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — 12 сәуір күні «Строитель» және «Энтузиаст» бау-бақша кооперативтерінде болған өрттен 370 жер телімі жалынға оранған.

Облыс орталығындағы саяжайлардың елеулі бөлігін жайпап өткен алапат өрттің себебі мен ошағы әзірше анықталған жоқ.

— «Строитель» және «Энтузиаст» саяжайларының аумағында болған өрттен 370 бау-бақша учаскесі жанып кетті. Жалпы саны 20 көшеге зақым келген. Төтенше жағдай қызметкерлерінің күшімен оқиға кезінде 55 адам эвакуацияланды. Алайда өрттің шығу себебі, тұтанған жері әзірше белгісіз, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Жыл басынан өңір бойынша өрттен 390 бау-бақша учаскесі зардап шеккен. Оның 261-і иесіз деп танылып отыр. Абырой болғанда, саяжайдағы өрттерден зардап шеккендер жоқ.

Департамент өкілінің сөзінше, бау-бақшалардағы өрттің тұтануы әдетте саяжай ұстаушылардың салғырттығынан болады. Адамдар от жаққанда, құрғақ шөп пен қалдықтарды өртегенде абайсыздық танытады. Жыл басынан өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 15 бағбан әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске сала кетейік, өткен апта соңында Павлодарда саяжайлар өртенді.