Павлодар-Шарбақты тас жолында көлік өртенді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар-Шарбақты тас жолында өртенген көліктегі адамдарды құтқарған жігіттің оқиғаның мән-жайын айтқан видеосы тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Instagram-дағы ti.pavlo парақшасының мәліметінше, оқиға орнында болып, ерен ерлік көрсеткен азаматтардың бірі – Еркебұлан Жүзбаев. Маралды стансасында темір жолшы болып еңбек ететін ол жұмыстан үйіне келе жатқан кезде тосын оқиғаға куә болған.

«Павлодар-Шарбақты тас жолының бойында, көз алдымда жол-көлік оқиғасы болды. Машина өртке оранып, от лаулап жана бастағанда ішінде адамдар қалып қойды. Қасымдағы бейтаныс адамдармен бірге өртенген көліктен адамдарды алып шықтық. Қорқынышты болды. Көлікте төрт адам отырды. Құтқарған адамдарымыз аман. Бірақ, жағдайлары ауыр екенін естіп отырмыз. Көз алдыңда болып жатқан кезде қалай көмектеспейсің... Біз болмасақ басқа біреу көмектесер еді», - деді Еркебұлан Жүзбаев.